TikTok-та боғауыз сөз айтқан ер адам енді көше сыпырып жүр
Қызылорда тұрғыны әлеуметтік желідегі бейәдеп қылығы үшін жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мас күйінде тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтқан 36 жастағы ер адам сот шешімімен 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында 36 жастағы тұрғын TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бірнеше рет әдепсіз сөздер айтқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам эфир барысында мас болған.
Полиция әлеуметтік желідегі трансляцияны анықтап, ер адамның жеке басын белгіледі. Осыдан кейін оған қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданған.
Сот Қуаныш Олжабаевты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартқан.
Қазір ер адам сот тағайындаған жазасын өтеп жатыр. Ол көшелерді сыпырып, арамшөптерді жұлып, өзге де қоғамдық пайдалы жұмыстарды атқаруда.
Яғни TikTok-тағы бір эфирдің соңы виртуалды кеңістіктен кәдімгі көше жұмысына ұласқан.
Бұған дейін Ақтөбе тұрғынының да TikTok-тағы тікелей эфирден кейін бес тәулікке қамауға алынғаны хабарланған.
Материал авторы