Алматы облысында 77 жастағы әжейді қағып өлтірген жүргізуші ХҚКО қызметкері болуы мүмкін
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sorento жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 77 жастағы әйелді қағып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еңбекшіқазақ ауданында 77 жастағы әйелді көлік қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Апаттан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында адам өліміне әкелген жол апаты тергеліп жатыр. Оқиға 11 тамыз күні сағат 20:00 шамасында Алматы – Шелек – Хоргос – Байсейіт автожолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sorento көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен.
Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Полиция қызметкерлері оны анықтап, ұстады. 26 жастағы ер адам қамауға алынды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Әлеуметтік желіде көлік ЦОН-ға тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тарады
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде аталған Kia Sorento көлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Жазба авторының мәліметінше, көлік тізгінінде ЦОН қызметкері болған. Сондай-ақ қызметтік автокөлік жол апатынан кейін уақытында тұраққа қайтарылмай, бірнеше күн бойы ЦОН аумағынан тыс жерде тұрған деген болжам айтылған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі жарияланымда мемлекеттік корпорацияның өңірлік филиалы басшылығы болған жағдай туралы орталық аппаратқа дер кезінде хабарламағаны жазылған.
Алайда бұл мәліметтердің барлығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазір полиция жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жүргізушінің әрекетіне қатысты соңғы құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.
Материал авторы