Қоғамның басты қозғаушы күші – жастар
Қазіргі жастарымыз Тәуелсіздіктің кезеңінде дүниеге келіп, еркін өсті. Сәйкесінше оларда рухани да, мәдени де еркіндік бар. Көзқарас пен таңдау еркіндігі басым және кез-келген бастамалары мен әрекеттерінде тәуелсіздікайқын аңғарылады. Бұл өте қуанарлық жайт. Себебі болашағымыз да қазіргі жастар сияқты еркін, тәуелсіз болады, ал сәйкесінше қоғамымыз да ашық-жарқын болады деп сенуге толық негіз бар.
Ең бастысы қазіргі жастар не істесе де сапалы етіп әрі бәсекелестікке жарамды етіп істейтінін көреміз. Еңбекте де, білімде де жастардың тарапынан сапаға ұмтылу осы күнгі қоғамымыздың ең бір жақсы қасиеттерінің бірі. Мемлекет те, халық та жастардан үлкен үміт күтеді.
Мемлекет жастарға жағдай жасау үшін көптеген шараларды жүзеге асытып келеді. Жастар саясаты жұмыс істейді. Бұл саясаттың басты бағыттары -жастардың білім алу мен кәсіби тұрғыдан қалыптасуына кең жол ашу, руханият пен мәдениет жағынан биіктеуіне жағдай жасау, жастардың әлеуетін арттыра отырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне дайын ету. Сол үшін мемлекет жастарға арнап әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесін құрған. Ал бұл бағыттар Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Заңмен реттеледі. Әр өңір мен қалаларда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалар жұмыс істейді. Мақсат – жастардың білім алуына және білікті маман болып шығуына, еңбекпен немесе кәсіппен қамтылуына, табыс табуына жағдай жасау. Жергілікті өңірлік және қалалық басқармалар жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды және олардың еңбегі мен кәсіпкерлігін қолдайды. Жастарды отансүйгіштік пен отбасылық құндылықтарға тәрбиелеу, көзі ашық, белсенді, білікті етіп өсіру мемлекеттің басты назарындағы игілікті іс.
Өзіміз күнде көріп жүргеніміздей, жастар қоғамның барлық саласында белсенді, сапалы еңбек етеді. Бәрі де баларының тәрбиесі мен біліміне көп көңіл бөледі. Түрлі дамыту орталықтары мен спорт секцияларына, шет тілдерін оқыту орындарына, үйірмелерге қатыстыруға уақыт пен жігер және қаражат табады. Яғни қазіргі жастарымыз келешектегі өздерінен кейінгі жастарға өлшеусіз инвестиция салып жатыр. Бұл өте қуанарлық жайт.
Жалпы, мемлекет, дәлірегі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жастарымызға қолдауға мұқтаж топ деп емес, ұлттық дамудың стратегиялық ресурсы ретінде қарайды. Демек, жастар өте сапалы адами капитал. Ал бүгінгі жаһандық бәсекелестік жағдайында сапалы адами капитал ел тұрақтылығының басты факторы деуге болады. Президент «Біз білімге талпынған, еліміздің өркендеуін ойлайтын жастарды әрқашан қолдайтын боламыз, атқарып жатқан ауқымды істердің барлығы да өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін», — деген. Ал заманауи технологиялар мен инновациялар дәуірінде жастардың тың идеялары, креативті бастамалары елді әлемдік бәсекеге қабілетті етеді.
Жастардың білім алуы мен еңбек етуіне жағдай жасау мемлекеттің басты жұмыстарының бірі. Қазіргі кезде білімге қолжетімділік артып келеді. Былтырғы оқу жылында 77 мыңнан астам грант бөлініп, оның 60 пайызытехникалық және инженерлік мамандықтарға бағытталған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 217, ал 2025 жылы 152 мектеп пайдалануға берілген. Жастардың әлеуметтік жағдайы жақсы ойластырылған. «Жас Отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жас отбасыларға жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен баспана алуға көмектеседі. Еліміздің 17 өңірінде жас мамандарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Президенттің бастамасымен кадрлық резерв пен өңірлік көшбасшылық мектептерді дамыту, жастар орталықтары мен коворкингтер желісін кеңейту, ғылым, инновация, бизнес, IT, мәдениет және волонтерлік бағыттар бойынша гранттық бағдарламалар енгізіліп жатыр.
Жалпы айтқанда, қоғамның ең басты қозғаушы күші - жастар. Еліміздің болашағы мен өркендеуі жастарымыздың білімділігіне, біліктілігіне, азаматтық ұстанымына, елжандылығына байланысты. Сол себептен жастардың жан-жақты дамуы мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беру - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңында: «Мемлекеттік жастар саясаты — жастардың рухани, мәдени, білім алуы мен кәсіби қалыптасуына, жеке дамуына және қоғам өміріне толыққанды араласуына бағытталған әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық шаралар жүйесі» деп көрсетілген.
Материал авторы