Жастарымыз – баға жетпес байлығымыз
Жастар саясаты мемлекет үшін аса маңызды да жауапты қызмет. Себебі елдің ертеңгі күнгі келбеті де, гүлденуі де қазіргі жастарға байланысты. Өйткені болашақты солар жасайды. Ал жастардың жоғары қабылетті болуы үшін қазіргі кезде қамқорлық жасап, өсіп-өркендеуіне жол ашу керек. Міне, сондықтан да мемлекеттің жастар саясатының жоғары деңгейде жүргізілуі мен нәтижелі жұмыстардың жасалуы ел үшін өзекті.
Биылғы жылдың басындағы есеп бойынша елдің аумағындағы жастардың саны 5 миллион 817 мыңға жеткен. Яғни Қазақстан халқының үштен бірі жастар екен. Оның ішінде студенттер де, жұмыс істеп жүргендер де, мемлекеттік қызметтегілер де көп.
Жұмыс істеп жүрген әрі отбасын құрған жастарды баспанамен қамту үшін мемлекеттік шаралар енгізілген. Бұл жұмыс мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Яғни жастарға жұмыс пен баспана керек. Сол үшін «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» деп аталатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары бар. Мыңдаған жас отаулар қоныс тойын тойлады. Оған қоса 17 өңірде жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жұмыс істеп келеді.
Жастардың экологиялық мәдениетін арттырудың маңызы зор. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыруда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары үлкен рөл атқарады. Ондаған мың жас маусымдық жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда мемлекет жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Білім алуға, кәсіп бастауға, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға, волонтерлік қызметке қатысуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Жастар тарапынан тың идеялар мен жаңашыл бастамалар жиі шығып жатады. Арасында өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып жатқандар да, еріктілік қызметі арқылы қоғамға пайдасын тигізіп жүргендер де көп. Сол сияқты халықаралық білім мен спорт жарыстарында ел намысын қорғап жүргендер де, ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене араласып жүргендер де көп. Демек бүгінгі жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтыны осыдан көрінеді.
Жастар жаңашылдықтың бастаушысы. Олар жаңа идеяларды тез қабылдайды, технологияны еркін меңгереді. Қоғамға жаңа көзқарас әкелетін,ғылым мен технологияны дамытатын, мәдениет пен өнерді алға жылжытатын жастар. Осы күнгі жастардың білімге ұмтылысы айрықша екенін көріп жүрміз. Жастардың қоғамдағы рөлі тек білім алумен ғана шектелмейді. Қазіргі жастар түрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады. Жастардың белсенділігі олардың жауапкершілігін арттырады және нағыз азамат ретінде қалыптастырады.
Қазіргі кезде цифрлық экономика мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып жатыр. Мұнда жастардың үлесі мол. Бағдарламашы, IT-инженер, деректер талдаушысы сияқты мамандықтарға жастар көп барады. Яғни бұл салада жастарға сұраныс үлкен. Әлемдік нарықта Google, Apple, Microsoft сияқты ірі компаниялар жастарға жақсы мүмкіндіктер ұсыныпотыр. Жастар бұған тек табыс көзі деп емес, жаңашыл ойлауды дамыту мүмкіндігі деп те қарайды. Жастар IT саласында тек жұмыс істеуге емес, жаңа технологияларды ішінде жүріп әлемдік деңгейде өз орнын табуға ұмтылады. Елімізде IT мамандықтарына сұраныс артып, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар мен гранттар ұсынылуда. Жалпы, IT саласында білім алу жастарды креативті ойлауға, проблемаларды шешу қабілеттерін ұлғайтуға бағыттайды. Жастар арасында алгоритмдермен жұмыс істейтін мамандықтарды таңдайтындар да көп. Осының бәрі заманауи іскерлікке қажетті дағдыларды қалыптастырады. Жастар деректерді өңдеу, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, тағы басқа бағыттарға маманданып, өз кәсіби жолдарын таңдайды.
Жалпы, жастарды қолдау мен жағдай жасау президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінде басымдыққа ие десек болады. Мемлекет басшысы биыл Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына арнайы барып қатысты. Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысқан. Онда әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылған.
Жастар алдында сөйлеген президент: «Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын! Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді», – деді.
Өз кезегінде Қазақстан жастарының президентке деген құрметі де, сенімі де зор. Өткен жылы өткізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша жастардың тоқсан пайызы президентке сенім білдіретінін көрсеткен.
Әлемде жастары аз, ал қарттары көп елдер де бар. Сондықтан жастарымыз ең үлкен байлығымыз.
Авторы: Мәдина Нұрлан