«Өзін өлтіруі мүмкін емес»: Қарағандыда жас ана күйеуімен жанжалдан соң өлі күйінде табылды
Марқұм Динараның артында үш және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда 28 жастағы Динара Мыңбаеваның өліміне қатысты іс қайта қаралуы мүмкін. Шымкенттің тумасы әрі екі баланың анасы 2025 жылғы 3 шілдеде өзі тұрған пәтерден өлі табылған. Полиция бұл жағдайды суицид ретінде бағалап, қылмыстық істі тоқтатқан. Алайда марқұмның жақындары оның өліміне қатысты бірқатар сұрақ жауапсыз қалғанын айтып, тергеуді қайта бастауды талап етіп отыр.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Динара мен күйеуі арасында жанжал болған. Әйел полиция шақырып, күйеуінің өзіне күш қолданғанын айтқан. Алайда жақындарының сөзінше, оқиға орнына келген полицейлер арызда тек сөзбен қорлау фактісін көрсетуге көндірген.
Сол түні Динара анасына телефон шалып, жанжал болғанын айтып, өзін балаларымен бірге алып кетуін сұраған. Анасы Шымкенттен Қарағандыға жолға шығуға дайындалғанымен, кейін қызымен байланыса алмаған.
Келесі күні отбасы Динараның қайтыс болғаны туралы хабар алған.
Марқұмның туыстары оның өліміне байланысты бірнеше күмәнді жайт барын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, қыздың денесінде жарақат белгілері болған, ал пәтердегі кейбір заттар кейін жоғалып кеткен. Сонымен қатар, ата-анасы келгенге дейін марқұмның денесі мәйітханаға жеткізілгенін айтып отыр.
Осы жайттарға сүйенген отбасы Динараның өліміне басқа адамның қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Олар істі жай ғана суицид ретінде тоқтатуға болмайтынын айтып, істі қайта тергеуді талап етуде.
Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен оқиғаның барлық мән-жайына қайта баға беруді, сондай-ақ қайғылы оқиға қарсаңында шақыртуға барған полиция қызметкерлерінің әрекетін тексеруді сұрап отыр.
Динараның артында үш және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.
Материал авторы