Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігінен айырылды
Елена Рыбакина Цинциннатидегі турнирден жарақатына байланысты шығып қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирді жарақатына байланысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Рыбакина ширек финалда польшалық Ига Швентекпен кездесті. Алайда есеп 1:4 болып тұрған кезде қазақстандық спортшы ойынды жалғастырудан бас тартты.
Осылайша Рыбакина Цинциннати турнирінен шығып, жарыс қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігінен айырылды.
Бұл Швентекке қарсы Рыбакинаның сегіз күн ішіндегі екінші жеңілісі болды. 13 тамызда теннисшілер Канаданың Торонто қаласында өткен WTA 1000 турнирінің финалында кездескен. Ол матчта польшалық спортшы 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жеткен.
Рыбакина Цинциннатиге дейін кімдерді жеңді?
Қазақстандық теннисші ширек финалға дейін үш қарсыласын ұтты:
-
америкалық Тейлор Таунсенд — 6:3, 6:4;
-
польшалық Магдалена Френх — 6:4, 7:6;
-
ресейлік Диана Шнайдер — 6:4, 6:4.
Алайда Швентекпен кездесу кезінде жарақаты сыр беріп, Рыбакина матчты тоқтатуға мәжбүр болды.
«Жүрудің өзі ауыр»
Ойыннан кейін қазақстандық теннисші өзін жайсыз сезінгенін айтты. Оның сөзінше, жарақат салдарынан жүру және доп берген кезде серпілу қиындаған.
«Қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Доп берген кезде дұрыс серпіле алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан өткеннен кейін көбірек белгілі болады», — деді Рыбакина.
Спортшы жарақаттың біраз уақыттан бері мазалап жүргенін айтты. Оның пайымынша, соңғы апталардағы ойындардың көптігі жағдайды ушықтырған.
Рыбакинаның сөзінше, Канададағы жарыста бірнеше матч өткізгеннен кейін Цинциннатиге келген. Магдалена Френхпен кездесу жаңбырға байланысты бірнеше рет тоқтатылып, сол ойыннан кейін ауырсыну күшейген. Сондықтан келесі күнді толықтай демалысқа арнаған.
Теннисшінің айтуынша, Швентекпен матч басталар алдында өзін қалыпты сезінген. Алайда ойын барысында сәтсіз қимыл жасап, жерге қонғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған.
Қазір жарақаттың нақты сипаты белгісіз. Кейбір ақпарат құралдары Рыбакинаның ахилл сіңіріне зақым келуі мүмкін екенін жазды. Дегенмен нақты диагноз МРТ нәтижесінен кейін ғана анықталады.
Материал авторы