Алматыда тұрғын үй ауласынан оқ-дәрі салынған пакет табылды
Алматы тұрғыны күдікті пакетті байқап, бірден полицияға хабарлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Әуезов ауданындағы тұрғын үй ауласынан оқ-дәрілер салынған күдікті пакет табылды. Оны байқаған тұрғын бірден полицияға хабарлаған.
Оқиға қаланың бірінші шағынауданында болған. Қараусыз жатқан пакетті көрген адам 102 нөміріне қоңырау шалып, күдік тудырған зат туралы мәлімдеген.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жетті. Мамандар аумақты тексеріп, күдікті пакетті алып кеткен.
Полицияның мәліметінше, оның ішінен патрондар және алдын ала болжам бойынша өлімге әкелмейтін әсері бар газ гранатасына ұқсас зат табылған.
Табылған заттардың нақты түрі мен сипаттамасын анықтау үшін барлығы сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.
Қазір полиция оқ-дәрілердің қайдан шыққанын, кімге тиесілі екенін және тұрғын үй ауласына қандай жағдайда әкелінгенін анықтап жатыр. Осы факті бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде.
Материал авторы