Прокуратура араласқаннан кейін мемлекетке 651 млн теңге қайтарылды
Прокурорлар өндірілмей қалған 30,1 млрд теңгені қайтару үшін 27 талап арыз берген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда прокуратура органдарының араласуынан кейін мемлекетке 651 млн теңге қайтарылды. Бұл қаражат соңғы екі жылда келтірілген, бірақ өндірілмей қалған залалдың бір бөлігі.
Соңғы екі жылда мемлекетке жалпы 66,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Оның 30,1 млрд теңгесі уақытында өндірілмеген. Бас прокуратура осыған байланысты мемлекетке келтірілген материалдық шығын өтелмеген қылмыстық істерге талдау жүргізген.
Тексеру барысында кейбір уәкілетті органдар залалды өндіріп алу үшін сотқа жүгінбегені анықталды. Осыдан кейін прокурорлар 6 ұсыныс пен 3 наразылық енгізіп, жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 27 талап арыз берген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке әзірге 651 млн теңге қайтарылды. Қалған істер бойынша сот процестері жалғасып жатыр.
Осындай фактілердің бірі Қызылорда облысында анықталған. Екі азамат ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәлімет енгізіп, 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгеріс жасаған.
Соның салдарынан 16 көлік бойынша бюджетке 115,3 млн теңге кедендік төлем түспеген. Ал 63 автокөліктің бастапқы мемлекеттік тіркеуі үшін алынуға тиіс 460,6 млн теңге алым да бюджетке төленбеген.
Прокуратура араласқаннан кейін уәкілетті орган сотқа жүгінді. Сот шешімімен мемлекет пайдасына 575,9 млн теңге өндірілді.
Бас прокуратура қалған залалды мемлекетке қайтару жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады.
Материал авторы