125

Алматыда ер адам бейтаныс қызды ұрып, «көңіл-күйім болмады» деп түсініктеме берген

Бейтаныс қызға шабуыл жасап, суретін өшіруді талап еткен ер адам іздестірілуде.

Алматыда ер адам бейтаныс қызды ұрып, «көңіл-күйім болмады» деп түсініктеме берген
threads.com/@altynkhanova01

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда көшеде кетіп бара жатқан қызға бейтаныс ер адам шабуыл жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны ұрып қана қоймай, соңынан еріп, оқиғаға қатысты жариялаған суретін өшіруді талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

Қыздың сөзінше, оқиға Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірінің маңында, дүкен жанында болған. Оның айтуынша, бейтаныс адам кенеттен соққы жасап, қашып кеткен.

Оқиғаны көрген азамат ер адамды қуып жетіп, неге бұлай жасағанын сұраған. Жәбірленушінің айтуынша, ол өз әрекетін «көңіл-күйім болмады, ашуымды біреуден алуым керек болды» деп түсіндірген.

Кейін ер адам қыздың соңынан еріп, әлеуметтік желіде жарияланған суретін өшіруді сұраған. Ол жазбаны өшірсе, ақша беретінін де айтқан. Қыз аялдамаға қарай кеткенімен, әлгі адам біраз уақыт бойы соңынан қалмаған.

Аялдамада болған әйел жәбірленушіден көмек қажет пе екенін сұрап, полиция шақыруға кеңес берген. Алайда осы сәтте ер адам оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқиғаға қатысты Алматы қаласының полиция департаменті де пікір білдірді.

Полиция мәліметінше, бұл дерек Бостандық аудандық полиция басқармасында тіркелген. Қазір қызметкерлер құқық бұзушылыққа қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.

Тергеу барысында шабуылдың нақты себептері мен құқықтық бағасы анықталатын болады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор