Ақтөбеде қате диагноз салдарынан қыздың құлағы естімей қалған
Төрт жасар қызға бірнеше түрлі диагноз қойылып, кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде төрт жасар қызға медициналық көмек көрсету кезінде жіберілген қателік ауыр салдарға әкелген. Бала бір құлағының есту қабілетінен айырылып, бас сүйегіне күрделі операция жасалған. Сот оториноларинголог дәрігерді ауруханаға 1,75 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.
Оқиға 2023 жылы басталған. Қыз бірнеше медициналық мекемеге қаралғанымен, оған әр кезеңде түрлі диагноз қойылған. Олардың арасында іріңді отит пен бет жүйкесінің невралгиясы да болған.
Қалалық балалар ауруханасында балаға физиотерапиялық ем тағайындалған. Сот материалдарында бұл емнің іріңді отит кезінде қарсы көрсетілімі болғаны айтылған. Емнен кейін қыздың жағдайы нашарлаған.
Кейін бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, оған шұғыл операция жасалды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, қызға ұзақ уақыт бойы қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізілмеген. Оның орнына антибиотик тағайындалмай, негізінен таңу шаралары жасалған.
Баласының жағдайына алаңдаған анасы Алматыдағы республикалық клиникаға жүгінуге мәжбүр болған. Дәрігерлер қызға бас сүйегіне резекциялық трепанация жасап, сүйектің зақымданған бөлігін арнайы пластинамен жапқан.
Операция мен асқынулардан кейін қыздың бір құлағы естімей қалған. Екінші құлағында шу пайда болып, оған бірінші дәрежелі есту қабілетінің төмендеуі диагнозы қойылған.
Баланың анасы медициналық мекемелерде дұрыс диагноз қойылмағанын және тиісті ем көрсетілмегенін айтып, сотқа жүгінген. Оның пікірінше, осы жағдайлар қызының денсаулығына ауыр зардап әкелген.
Сот қандай шешім шығарды?
Азаматтық істер жөніндегі Ақтөбе облыстық сотының алқасы қалалық және облыстық балалар ауруханаларын зардап шеккен балаға моральдық зиян үшін 5 млн теңгеден төлеуге міндеттеген.
Қалалық балалар ауруханасы сот шешімін орындап, 5 млн теңгені төлеген. Кейін медициналық көмек көрсету кезінде заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерден бұл соманың тиісті бөлігін өндіріп алуды талап еткен.
Екі медицина қызметкері өздеріне тиесілі соманы ерікті түрде өтеуге келіскен. Ал оториноларинголог дәрігер мұнымен келіспеген.
Осыдан кейін аурухана сотқа жүгініп, дәрігерден 1,75 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Сот талқылауы барысында медицина қызметкерінің біліктілігі талапқа сай емес медициналық көмек көрсеткені үшін жауапты екені анықталған.
Нәтижесінде сот оториноларингологты балаға дұрыс диагноз қойылмауы мен тиісті ем жүргізілмеуі салдарынан келтірілген зиян үшін ауруханаға 1 млн 750 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Материал авторы