Леңгірде қаскөйлер әйелдің үйіне түнде басып кіріп, таң атқанша ұрып-соққан
Терезеден кіріп, таңға дейін үйден шықпаған күдіктілер іздестіріліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Леңгір қаласында жергілікті тұрғынға түн ішінде бірнеше адам шабуыл жасаған. Әйелдің айтуынша, белгісіздер оның үйіне терезе арқылы кіріп, таң атқанша күш көрсетіп, кейін ұялы телефонын алып кеткен. Бұл туралы Halyqstan арнасы жазды.
Жәбірленушінің сөзінше, шабуыл шамамен түнгі сағат екілерде болған. Қаскөйлер үйге терезеден кіріп, әйелді ұстап отырған және оған күш қолданған. Олар таң атқанға дейін үйден кетпей, кейін жәбірленушінің ұялы телефонын алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Қазір жедел қызметкерлер күдіктілердің кім екенін анықтап, оларды іздестіріп жатыр. Полиция қылмыстық істің тергелу барысын облыстық департамент басшылығы жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жәбірленушінің жағдайы тұрақты. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы