Патриотизм – Отанға жауапкершілік пен ертеңгі күнге қызмет ету
Патриотизм ұғымы өте кең. Бұл сөз рухты болу, отанды сүю, халықтың мүддесі үшін ештеңеден аянбау, елдің ертеңіне бүгіннен қызмет ету, ұлттың салт-дәстүрлері мен өнеріне, тіліне, тарихына құрметпен қарау, тәуелсіздікпен ұлттық рәміздерді қастерлеу, адал еңбек ету, бірлікті сақтау, жаманшылыққа төзбеу, сұңғыла азамат болу деген сияқты қасиеттермен байланысты.
Сырт көздер, яғни шет мемлекеттер кез келген елдің халқының алдымен патриоттық деңгейіне көңіл бөледі. Патриоттығы басым болса құрметтейді. Міне, біздің еліміздің осы күні әлем қауымдастығының алдында беделі артып келе жатқаны бірінші кезекте елдің тұрғындарының отансүйгіштігімен және қоғамдық келісім мен бірлікке бейімдігімен байланысты. Халқымыздың әділетті қоғам қалыптастыруға ұмтылысы айқын көрініс тапқан. Мұндай көңіл-күйдің бастамашысы – президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біздің еліміз көпұлтты мемлекет. Ал көпұлтты мемлекет үшін басты ортақ құндылық керек. Сол құндылық бірлік пен әділетті қоғам. Бірлік пен әділетті қоғам қағидатының орнығуының өзін Қазақстан елінің мемлекет құру тәжірибесі деп тануға болады. Мұнда патриоттық тәрбие мен бірлікті жоғары қоюға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған жұмыстардың бәрі ортақ әділетті қоғамды қалыптастыруға қызмет етеді.
Патриотизм деген жалаң сөз бен ұран емес. Ол ғасырлар бойы халықтың жүрегіне ұялаған туралық пен әділдік, отансүйгіштік пен бірлік. Ертеде қазақ хандары руларды бір тудың астына біріктірді. Патриотизм мен бірлік деген осы. Ал дала заңдары бірлік, татулық, тәртіп және отанға деген құрмет қалыптастырды. Қазақ хандары ұланғайыр даламызда бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтты. Ал билер әділдікті орнықтырды. Сондықтан бірлік пен әділетті қоғам қағидалары біздің еліміз үшін ертеден қанға сіңген қасиеттер.
Патриотизм деген нақты іс-әрекет. Ол бүгінгі отансүйгіштік қана емес, ол болашақ үшін тер төгу, еңбек ету, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болу. Себебі бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел егесі.
Бүгінде Қазақстанда патриотизм мен бірлікті паш ететін және осы құндылықтарды нығайта түсетін құжаттар жұмыс істейді. Мысалы, мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы, мемлекеттік тіл саясатын дамыту жөніндегі бағдарламалар, «Адал азамат» тұжырымдамасы, тағы басқа құжаттар бар. Мұндай тұжырымдамалар азаматтардың жауапкершілігін арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді.
Жалпы, Қазақстанның негізгі тірегі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік. Әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық және отаншылдық қасиеттер әр азаматтың жүрегінде болуы тиіс. Сонда Қазақстан қуатты мемлекет болып тұра береді.
Ендеше әрбіріміз Қазақстан атты әзиз мемлекетіміздің нағыз патриоты болайық!
Авторы: Мадина Нұрлан