Елена Рыбакина жарысқа қатыспаса да әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін
Рыбакина ресейлік Соболенконы басып озуға мүмкіндік алмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жарақатына байланысты US Open-2026 турнирін өткізіп алуы мүмкін. Соған қарамастан, ол әлемдік рейтингте көш бастауға бұрынғыдан да жақын тұр. Бұл туралы Kazinform жазды.
АҚШ-та теннистен маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирі 31 тамызда басталады. Алайда Рыбакинаның жарысқа қатысуы әзірге белгісіз. Бұған оның Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінде жарақат алып, польшалық Ига Швёнтекке қарсы кездесуді аяқтай алмағаны себеп болып отыр.
Бір қарағанда, US Open-ге қатыспау қазақстандық спортшының әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілу мүмкіндігін кейінге шегеретіндей көрінуі мүмкін. Алайда рейтингтік ұпайларды есептеу тәртібі Рыбакина үшін керісінше тиімді жағдай қалыптастырып отыр.
US Open-2026 турнирінде теннисшілер өткен жылғы жарыста жинаған ұпайларын қорғауы тиіс. Рыбакина 2025 жылғы US Open-де төртінші айналымға дейін жетіп, 240 рейтингтік ұпай еншілеген. Ал қазіргі әлемдік рейтинг көшбасшысы, Беларусь өкілі Арина Соболенко былтыр Нью-Йоркте чемпион атанып, 2000 ұпай жинаған.
Қазір Рыбакинаның еншісінде 8141 ұпай бар. Егер ол биылғы US Open-ге қатыспаса, өткен жылғы 240 ұпайы есептен шығарылады. Нәтижесінде оның рейтингі 7901 ұпай болады. Ал Соболенконың қазіргі көрсеткіші – 8575 ұпай.
Бұл жағдайда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы үшін Соболенко US Open-2026 турнирінде чемпион болмауы жеткілікті. Мәселен, Беларусь теннисшісі финалда жеңілсе, 1300 ұпай алады. Сонда оның жалпы көрсеткіші 7875 ұпайға түсіп, Рыбакинаның 7901 ұпайынан төмен болады.
Демек, Рыбакина жарақатына байланысты турнирден бас тартқан күннің өзінде, Соболенконың чемпиондықтан басқа кез келген нәтижесі қазақстандық теннисшінің WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуіне жол ашады.
Материал авторы