Димаш Құдайберген блонд шашымен көпшілікті таңғалдырды
Димаштың ақшыл шашты бейнесі жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсіп, пікірлер екіге жарылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Димаш Құдайберген әлемдік DIMENSIONS турының концепциясын жаңа образбен толықтырды. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ақшыл шашты бейнесін жариялап, жанкүйерлер арасында қызу талқы туғызды.
32 жастағы әншінің жаңа фотосында оның бұрынғы қою шашты бейнесінен мүлде бөлек образ қалыптасқан. Жарияланымда бұл өзгеріс жай ғана сыртқы эксперимент емес, DIMENSIONS әлемдік турының негізгі идеяларымен байланысты концептуалды шешім ретінде ұсынылған.
Димаштың командасы жаңа бейнені адамның сыртқы қалыптардан арылып, өзінің шынайы болмысына қайта оралуымен байланыстырады. Концепцияда сахналық образдар, атақ, мәртебе және сыртқы атрибуттар біртіндеп шегініп, назар адамның өз болмысына аударылады.
Әншінің жаңа бейнесіне қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов те алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, қысқа ғана «Погнали» деп жазды.
Ал жанкүйерлердің пікірі әртүрлі болды. Бір бөлігі Димаштың қара шашты бейнесін көбірек ұнататынын айтса, енді бірі жаңа стилін қолдады. Дегенмен көпшілікті біріктірген бір нәрсе бар: олар DIMENSIONS әлемдік турын асыға күтіп отыр.
Жаңа концепцияның өзегінде адамның түрлі кезеңдерден өтіп, ақырында өз болмысына қайта оралу идеясы жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Димаштың ақшыл шашты жаңа бейнесі оның шығармашылық жолындағы кезекті сәндік өзгеріс қана емес, әлемдік турдың философиялық тұжырымдамасының бір бөлігі ретінде көрсетілген.
Әншінің жаңа образы алдағы уақытта концерттік турда да сақтала ма, әлде тек промо-материалдарда қала ма — әзірге белгісіз.
Материал авторы