Алматыда бала ойыншық автоматының ішіне кіріп, екі жүлдені алып шықты
Желі қолданушылары қоғамдық орында балаға бақылау жасау ата-ананың тікелей міндеті екенін айтып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда ойыншық автоматындағы жүлде берілетін бөлікке кіріп кеткен баланың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оқиға сәті видеоға түсіп қалған.
Кадрларда кәмелетке толмаған баланың автоматтың төменгі бөлігіндегі жүлде шығатын саңылау арқылы ішке кіріп, екі жұмсақ ойыншықты алып шыққаны көрінеді.
Оқиғаға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі баланың әрекетін бөтен кәсіпке зиян келтіру деп бағаласа, енді бірі мұндай жағдайда ең алдымен ересектердің бақылауына назар аудару керек екенін айтты.
«Бұл – біреудің кәсібі. Балаға мұндай әрекеттің дұрыс емес екенін кішкентайынан түсіндіру керек. Ал ата-ана қоғамдық жерде баласын бақылауда ұстауға міндетті», – деген пікірлер айтылды.
Көпшілік мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-аналар балаларын қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмауы керек деген пікірге келген.
Материал авторы