124

Тимур Сүлейменов Ұлттық банк төрағасы қызметіне қайта тағайындалды

Ақорда Ұлттық банк басшылығына қатысты шешім қабылдады.

Тимур Сүлейменов Ұлттық банк төрағасы қызметіне қайта тағайындалды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов өз қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Тимур Сүлейменов Ұлттық банкке алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте басшы болып келген. Енді ол орталық банктің жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Сүлейменовтің мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Еңбек жолын Алматыдағы «Эрнст энд Янг Қазақстан» аудиторлық компаниясында бас консультант болып бастаған. Кейін «ҚазМұнайГаз» барлау және өндіру» компаниясында салықтық есеп пен жоспарлау департаментін басқарды.

2009-2012 жылдары Қазақстанның экономика және бюджет жоспарлау, кейін экономикалық даму және сауда вице-министрі қызметтерін атқарды. 2012-2017 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі болды.

2016 жылдың соңынан 2019 жылдың ақпанына дейін Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды. Бұдан кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары, Президент көмекшісі және Президент Әкімшілігі басшылығының орынбасары болды. 2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Сүлейменовтің білімі де экономика және қаржы саласымен байланысты. Павлодар мемлекеттік университетінде «Менеджмент» мамандығын тәмамдаған. Кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Мэриленд университетінде бизнес әкімшілендіру бойынша магистр дәрежесін алып, қаржы саласына маманданған.

Ол сондай-ақ Ұлыбританияның кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар қауымдастығының сертификатына ие.

Тимур Сүлейменов бірқатар мемлекеттік марапатпен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен марапатталған.

Материал авторы