147

Алматыдағы көпқабатты үйдегі өрттен 6 жасар қыз көз жұмды

Алматыда 13 қабатты үй өртеніп, 148 адам эвакуацияланды.

Алматыдағы көпқабатты үйдегі өрттен 6 жасар қыз көз жұмды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының орталығындағы 13 қабатты тұрғын үй кешенінде болған түнгі өрт қайғылы жағдайға ұласты. Тілсіз жаудан алты жасар қыз бала қаза тауып, тағы алты тұрғын медициналық көмекке жүгінді. Құтқарушылар ғимараттан 148 адамды эвакуациялады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Өрт түн ортасына дейін сөндірілді

Оқиға 24 тамызға қараған түні Алматының орталығындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде болған. Өрт шыққаннан кейін қою түтін баспалдақ алаңдары мен пәтерлерге тез тараған. Кейбір тұрғындар қауіпсіз жерге өздігінен шыға алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

Алмалы аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айдар Скабаевтың айтуынша, өрт 00:14-те толық сөндірілген. Құтқарушылар ғимараттан 148 адамды алып шыққан.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт бірден екі нүктеден басталған. Бір жерде техникалық бөлмедегі кабельдер жанса, көрші кіреберісте электр қалқандары өртенген.

Алты жасар бала құтқарушылар ес-түссіз күйде тапқан

Өрт кезінде құтқарушылар алты жасар қызды ес-түссіз күйде тапқан. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Бұдан бөлек, алты тұрғын медициналық көмекке жүгінді. Үш адам ауруханаға жатқызылды, қалғандары тексеруден кейін амбулаториялық бақылауға жіберілді.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бір бөлігі жедел жәрдем ауруханасына, тағы екеуі орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Кәмелетке толмаған тұрғын медициналық тексеруден кейін әрі қарай бақылауда болуға кеңес алған.

Тұрғындар түтіннің тез тарағанын айтты

Үй тұрғыны Злата Степанованың айтуынша, алдымен лифт маңынан қатты дыбыс естілген. Ол диспетчерлік қызметке түсіп, дабылдың су ағуына байланысты іске қосылғаны туралы ақпарат алған соң пәтеріне қайта барған.

Алайда шамамен бір жарым сағаттан кейін жағдай күрт өзгерген. Түтін кіреберісті тез басып, отбасы сыртқа шыға алмай қалған. Тұрғындар өрт туралы бірден естімей, түтінді сезгеннен кейін ғана жағдайдың ауыр екенін түсінген.

Кейбір тұрғындар түтіннен есінен танып, медициналық көлікте есін жиған.

Үйдегі өрт қауіпсіздігі талаптары да тексеріледі

Қазір тұрғын үйге бөгде адамдардың кіруіне шектеу қойылған. Полиция қызметкерлері тек үй тұрғындарына қажетті заттарын алып шығу үшін кіруге мүмкіндік беріп жатыр.

Сонымен қатар мамандар өрттің нақты себебін анықтап жатыр. Бұған дейін бұл үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталып, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілген.

Алайда сол талаптардың толық орындалған-орындалмағаны әзірге белгісіз. Тергеу барысында бұл мәселе де назарға алынбақ. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор