АИ-95 пен АИ-98 жанармайына қатысты шағым көбейді: Павлодар МӨЗ тексеріліп жатыр
Жүргізушілер шағымынан кейін Павлодар мұнай өңдеу зауыты тексеріледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты дау туындады. Автокөлік иелері жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, әлеуметтік желілерде шағымдарын жариялаған. Осыдан кейін Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытындағы өндіріс үдерісін тексеруге кірісті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бензин сапасына қатысты мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Павлодарға Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері жіберілген.
Мамандар Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізіп, өндірілген жанармайдан сынама алады. Негізгі мақсат – бензин өндіру технологиясында қандай да бір бұзушылық болған-болмағанын анықтау.
Министр мәселенің нақты қай кезеңде туындағаны әзірге белгісіз екенін айтты. Өйткені жанармай құю станциялары мәселені мұнай өңдеу зауытына сілтесе, зауыт өкілдері ақау жанармайды өткізу желілерінен болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.
«Қазір ақау мотор отынын өндіру кезінде болды деп болжап отырмын. Жанармай құю станциялары мұнай өңдеу зауытына сілтейді, ал зауыт мұның жанармай бекеттерінен болуы мүмкін екенін айтады. Барлығын анықтап, жақын арада нақты шешім шығарамыз», – деді Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі брифингте.
Сонымен қатар министр Қазақстанға бензиннің жаңа партиялары жеткізілетінін хабарлады. Оның мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жанармайдың жаңа партиясы алдағы 10-12 күн ішінде келеді деп күтіліп отыр.
«Жаңа бензин партиясы жолда. 10-12 күн күту керек. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін жанармай арқылы қажетті сапаны қысқа мерзімде қамтамасыз етеміз», – деді министр.
Энергетика министрлігі тексеру нәтижесінде жүргізушілердің шағымы жанармайдың зауыттағы сапасына байланысты ма, әлде оны жанармай құю станцияларында өткізу кезінде мәселе туындады ма деген сұраққа жауап бермек.
Тексеру аяқталғаннан кейін тиісті қорытынды жасалып, жанармай сапасына қатысты даудың нақты себебі жарияланады.
Материал авторы