Қазақстан бензині Ресейге кетіп жатыр ма? Министр нақты көлемді атады
Министр Ерлан Ақкенженов шекарадан күн сайын мыңдаған көлік өтетінін айтып, жанармайдың бакпен шығарылатынын түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдегі бензин тапшылығы Қазақстаннан жанармайдың шекара асып шығарылуы туралы мәселені қайта көтерді. Алайда Қазақстан билігі елден Ресейге қанша бензин әкетілгенін дәл есептей алмай отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте айтылды.
Үкіметтегі брифинг кезінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен Ресейдегі жанармай тапшылығына байланысты Қазақстаннан көрші елге қанша бензин шығарылғаны есептеліп жатыр ма деген сұрақ қойылды.
Министр нақты көлемді анықтау қиын екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда жанармайдың ресми экспорты болмағандықтан, шекарадан көлік бактарымен шығарылатын отынның көлемін бөлек есептеу мүмкін емес.
Ақкенженов бұл құбылысты «отын туризмі» деп атады. Яғни шетелдік көліктер Қазақстанға турист ретінде кіріп, жергілікті жанармай бекеттерінен отын құйып, кейін өз еліне қайтады.
Министрдің айтуынша, мұндай көліктердің нақты қанша жанармай алып шыққанын тексеру өте қиын. Әсіресе жүк көліктері арқылы шығарылатын көлем елеулі болуы мүмкін.
Энергетика министрі Қазақстан мен басқа елдер арасындағы шекарадан тәулігіне шамамен 4 мың жүк көлігі өтетінін атап өтті. Олардың бактарында ел аумағында сатып алынған жанармайдың белгілі бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерге шығарылуы ықтимал.
«Отын туризмі» мәселесі жаңа емес. Министр бұл жағдай бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар ведомство жанармайдың шекара асып кетуін бақылаудың жаңа тәсілдерін қарастырып жатыр. Соның бірі – отын құрамына арнайы молекулалар қосу. Мұндай қоспалар жанармайдың шығу тегін анықтауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Министрдің айтуынша, жанармайды осылай таңбалау жөніндегі жобалар қазір қаралып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда бензин экспортына қатысты шектеулер қолданылып келеді. Дегенмен автокөлік бактарымен шекарадан шығарылатын отынды толық бақылау әзірге күрделі мәселе болып отыр.
Материал авторы