153

«Мен жазған жоқпын»: Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды

Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайымен дауына қатысты сотта жаңа мәлімдеме жасалды.

«Мен жазған жоқпын»: Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды
жеке мұрағатынан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әзілкеш әрі актер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне қатысты қылмыстық іс пен бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиеваның әлеуметтік желідегі мәлімдемелеріне байланысты пікір білдірді. Актер атына жазылған бірқатар даулы пікірлердің өзіне тиесілі емес екенін айтып, жалған парақшаларға сілтеді. 

Қазір Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.

Журналист Руслан Өтепбай актерден бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиеваның әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына қатысты сұрақ қойған. Бұған дейін әйел өзіне қатысты шындыққа жанаспайтын әрі ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпарат тарағанын айтқан.

Алайда Жақсыген даулы жазбалардың авторы өзі емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, интернетте атына ашылған бірнеше жалған парақша бар.

«Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. "Бодимассаж жасайды" деген пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сияқты пікірлер қалдырдым», – деді актер.

Журналист одан сот кінәлі деп таныған жағдайда қандай әрекет жасайтынын сұрады. Жақсыген мұндай шешімді әділ деп санамайтынын айтты.

Актердің бұл сөзі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі оның мәлімдемесіне күмән келтірсе, енді бірі сот шешімі шыққанша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Нұрсұлтан Жақсыген қазір үйқамақта отыр. Бұған дейін қорғаушысы оған қатысты бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған.

Егер тағылған айып сотта толық дәлелденсе, актерге 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қазір іс бойынша түпкілікті шешім шыққан жоқ. Актердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор