Жұмысшының шын аты басқа болып шықты: Ақмолада 2 млн теңге ұрланды
Ер адам бірнеше ай бойы бөтен адамның атымен жұмыс істеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Целиноград ауданында ер адам бірнеше ай бойы бөтен адамның атымен құрылыс жұмыстарын атқарып, жұмыс берушінің банк шотынан 2 млн теңге аударған деген күдікке ілінді.
Қазір Целиноград аудандық полиция бөлімінде банк мобильді қосымшасы арқылы ірі көлемде ақша ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тергеу мәліметінше, биыл мамыр айында аудан тұрғыны Қараөткел ауылында жеке үй салуға кіріскен. Құрылысқа жұмысшы іздеу барысында ол бір ер адаммен танысып, үйдегі құрылыс және жөндеу жұмыстарын атқаруға келіскен.
Күдікті бірнеше ай бойы құрылыс нысанында жұмыс істеген. Алайда жұмыс беруші оның шын аты-жөнін білмеген.
22 тамыз күні таңертең үй иесі ұялы телефонының жоғалғанын байқап, банк қосымшасындағы шотын тексерген. Сол кезде есепшоттан бірнеше рет ақша аударылғаны анықталған. Аударымдардың жалпы сомасы 2 млн теңгені құраған.
Ақша жұмыс берушінің өзімен бірге жұмыс істеген адамының шотына түскен. Кейін оның жұмысқа орналасқан кезде басқа адамның атымен таныстырғаны белгілі болған.
Жәбірленуші болған жағдайды дереу полицияға хабарлаған.
Құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын қысқа мерзімде анықтаған.
Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті жедел және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Материал авторы