Бұрынғы бастығына жала жауып, ақша талап еткен әйел сотталды
Әйел бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындары туралы жалған мәлімет таратып, жарияланымдарды өшіру үшін ақша талап еткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының 42 жастағы тұрғыны бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындары туралы әлеуметтік желіде жалған мәлімет таратып, қорқыту сипатындағы жазбалар жариялағаны үшін сотталды. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бес жылға блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салды. Бұл туралы Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жазды.
Әйел жеке ұйымдардың бірінде жұмыс істеген. Кейін өз еркімен жұмыстан шығып, нақты жұмыс істеген кезеңі үшін тиісті жалақысын алған. Алайда ол бұрынғы жұмыс берушісі еңбекақысын төлемеді деп мәлімдеген.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланған әйел бұрынғы басшысы мен оның жақындары туралы түрлі жазбалар жариялай бастаған. Сот материалдарына сәйкес, жарияланымдарда жалған ақпарат таратып, адамдардың жеке қасиеттерін келемеждеген және олардың жеке өміріне қатысты, ар-намысына тиетін мәліметтерді жариялаған.
Бұдан бөлек, әйел бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындарына елеулі зиян келтіруі мүмкін басқа да ақпараттарды жариялайтынын айтып қорқытқан. Ол бұл мәліметтерді таратпау үшін ақша талап еткен.
Сот әйелді жалған ақпарат таратқаны және бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындарына қауіп төндіргені үшін кінәлі деп таныды. Оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бес жыл бойы блогерлік қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Сотталушының 11 және 10 жастағы екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерген сот бас бостандығынан айыру жазасын орындауды бір жылға кейінге қалдырды.
Әйел Абай облысының пробация қызметіне есепке қойылды. Онымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сот белгілеген талаптар мен оларды бұзудың салдары түсіндірілді.
Егер сотталған әйел жазасын өтеуден жалтарса, берілген кейінге қалдыру мерзімі жойылып, бас бостандығынан айыру жазасы орындалуы мүмкін.
Сотталған әйел өз әрекетінің қате болғанын түсінгенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі жарияланымдарының салдары балаларынан ұзақ уақытқа айырылуына әкелуі мүмкін екенін енді ұққан.
Іс бойынша сот шешімі заңда белгіленген тәртіппен орындалуда.
Материал авторы