128

Танымал блогер хиджабын шешіп тастады

Блогер бұл қадамға бір жыл бойы ойланып, өз-өзімен күрескеннен кейін барғанын айтты.

Танымал блогер хиджабын шешіп тастады
instagram.com/abilovva_a

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Аружан Абилова әлеуметтік желідегі парақшасында орамал тағуды тоқтатқанын жариялады. Оның айтуынша, бұл шешім аяқ астынан қабылданбаған. Ол соңғы бір жыл бойы осы мәселеге қатысты көп ойланып, ішкі арпалысты бастан өткерген.

Әбілова орамалын шешкенін ашық айтып, өз шешімін ақтауға тырыспайтынын жеткізді. Блогер бұл кезеңде өзін түрлі ой мазалағанын және ақырында осындай қадамға барғанын айтты.

«Соңғы бір жыл бойы осы ойлармен арпалысып жүріп, ақыры бұл күресте жеңілдім», – деп жазды ол.

Сонымен бірге Аружан Абилова орамалды шешуі оның мұсылмандық ұстанымынан бас тартқанын білдірмейтінін атап өтті. Ол өзге діни міндеттерін шамасына қарай орындауға тырысатынын айтып, болашақта қайтадан орамал тағуға үміт білдірді.

Блогер бұл шешімге келу өзіне оңай болмағанын да жасырмады. Оның сөзінше, соңғы бір жылда өзіне бірнеше рет мүмкіндік беріп, мәселені қайта-қайта таразылаған.

Абилова оқырмандарына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, сонымен қатар өзінің әрекетін дұрыс деп есептемейтінін мәлімдеді. Ол оқырмандарын бұл қадамнан үлгі алмауға шақырды.

«Өзімнің жасағаным дұрыс емес екенін білемін және дәл осы ісімнен менен үлгі алмасаңыздар деймін», – деді блогер.

Әлеуметтік желідегі жазбасында Аружан сапар кезінде болған бір жайтты да бөлісті. Оның айтуынша, Тараз арқылы өтіп бара жатқанда көлігінің алдына құс қонып, біраз уақыт отырған. Бұл көрініс оған өмірден өткен әкесін еске түсірген.

Блогер бұл жағдайды әкесіне қатысты ойларымен байланыстырғанымен, оның нақты мағынасына қатысты пікірін оқырмандарына қалдырды.

Аружан Абилова орамалға қайта оралуы мүмкін екенін де айтты. Оның сөзінше, мұндай шешімнің болашақта қайта қабылдануына үміті бар. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор