Атырауда жұмысшы токқа түсіп, қолы мен аяғынан айырылды
Диспетчер желіде бригада жұмыс істеп жатқанын біле тұра, электр қуатын қайта қосып жіберген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда электр желісінде жұмыс істеп жүрген электромонтер токқа түсіп, ауыр жарақат алды. Оқиға салдарынан оның бір аяғы мен бір қолы ампутацияланған. Сот өндірістегі жазатайым оқиғаға қатысты жұмыс берушінің кінәсін толық деп таныды.
Оқиға 2025 жылғы 19 желтоқсанда болған. «Атырау-Жарық» ЖШС-нің электромонтері электр беру желісінің тірегінде жұмыс істеп жатқан кезде желіге қайтадан кернеу берілген. Электр тогының әсерінен жұмысшы ауыр жарақат алып, кейін аяғы мен қолынан айырылған.
Оқиғадан кейін арнайы комиссия жазатайым жағдайға байланысты жұмыс берушінің кінәсін 80 пайыз, ал қызметкердің кінәсін 20 пайыз деп белгілеген. Электромонтер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Істі қарау барысында жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталды. Жұмыс басталар алдында диспетчерге бригада жұмыс істейтін учаскедегі электр желісін ажырату тапсырылған. Желі өшірілгені расталғаннан кейін жұмысшылар өз міндеттерін атқаруға кіріскен.
Алайда кейін диспетчер желіде бригаданың жұмыс істеп жатқанын біле тұра, электр желісін оның жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін қайта қосқан. Соның салдарынан тіректе тұрған электромонтер ток соғуына ұшыраған.
Сот сондай-ақ жұмыс берушінің жауапты тұлғалары жұмыс барысын тиісті деңгейде бақыламағанын және қызметкерлер жұмыс істеп жатқан кезде желіге кернеу берілуін болдырмайтын қажетті шараларды толық қамтамасыз етпегенін анықтады.
Ал жұмысшының өзі III топтағы электр қауіпсіздігі рұқсаты бар электромонтер болған. Ол тапсырылған жұмысты бригада құрамында, жауапты қызметкердің басшылығымен орындаған. Сот оның өрескел абайсыздық танытқаны туралы комиссия тұжырымын негізсіз деп тапты.
Іс материалдарында жұмысшының жазатайым оқиғаға себеп болған қандай да бір әрекет жасағанын растайтын дәлел болмаған.
Осыған байланысты сот арнайы тергеу актісіндегі қызметкерге жүктелген 20 пайыздық кінәні заңсыз деп таныды. Нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз, ал жұмысшының кінәсі 0 пайыз деп белгіленді.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.
Материал авторы