Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды
Қазақстан Құрылтайының алғашқы сессиясы 28 тамызда өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент Жарлығына сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы 2026 жылғы 28 тамызда сағат 11:00-де Астана қаласында өтеді.
Құжат 26 тамызда Астана қаласындағы Ақордада қабылданған. Жарлыққа №1411 нөмірі берілді және ол қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Құрылтай сайлауы қалай өтті?
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша Құрылтай құрамына бес саяси партия өтті.
Мандаттар мынадай тәртіппен бөлінді:
-
«Әділет» партиясы – 110 мандат;
-
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10 мандат;
-
Respublica партиясы – 9 мандат;
-
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8 мандат;
-
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 мандат.
Осылайша, мандат саны бойынша «Әділет» партиясы айқын басымдықпен алға шықты. Ал Қазақстанның халық партиясы мен «Байтақ» партиясы Құрылтай құрамына өте алмады.
Сайлауға қанша адам қатысты?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елде дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 12 623 289 адам болды.
Олардың 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Бұл жалпы электораттың 74,08 пайызына тең.
Сайлау науқаны барысында партиялар Құрылтай депутаттығына түрлі көлемде кандидат ұсынды. «Әділет» партиясы 186 кандидатпен қатысса, «Ауыл» партиясы – 69, Respublica – 76, «Ақ жол» – 63, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 33 кандидат ұсынды.
Осылайша, 23 тамыздағы сайлау нәтижесінде Құрылтайдағы партиялардың мандаттық үлесі анықталды. Енді жаңа құрамдағы депутаттар 28 тамызда алғашқы сессиясына жиналады.
Материал авторы