47

Бибісара Асаубаева Франциядағы супертурнирде жеңіске жетті

Қазақстандық шахматшы Сен-Тропеде өткен WR Women's Chess Tour 2026 турнирінің жылдам шахмат кезеңінде барлық қарсыласын жеңіп шықты.

Бибісара Асаубаева Франциядағы супертурнирде жеңіске жетті
instagram.com/bibisarachess

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women's Chess Tour 2026 супертурнирінің жылдам шахмат кезеңінде жеңімпаз атанды.

Асаубаева турнирдің алғашқы күнінде үш партия өткізіп, үшеуінде де қарсыластарынан басым түсті. Алдымен неміс гроссмейстері Элизабет Пётцті, кейін грузиялық шахматшы Нино Батсиашвилиді жеңді.

Шешуші кездесуде қазақстандық спортшы әйелдер арасындағы бұрынғы әлем чемпионы, Еуропаның екі дүркін чемпионы украиналық Мария Музычукті ұтты.

Осы нәтижеден кейін Асаубаева жылдам шахмат кезеңінің жеңімпазы атанды.

Шахматшы жеңісінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында турнирдің алғашқы күніндегі әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, үш ойында да жеңіске жеткеніне қарамастан, жарыс оңай болмаған.

«Бүгінгі жұмыс күнім аяқталды. Мен WR Chess Tour турнирінің жылдам бөлігінде жеңіске жеттім», – деп жазды ол.

Асаубаева шаршағанын да жасырмады. Спортшы әзілмен турнир барысында алты сағат бойы биік өкшелі аяқ киіммен жүргенін де атап өтті.

Енді қазақстандық шахматшы жарыстың блиц кезеңінде бақ сынайды. Асаубаева бұл кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, турнирде «алтын дубль» жасауға тырысады.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – блицтен үш дүркін әлем чемпионы. 

Материал авторы