105

Сырдарияға батып кеткен екі ағайындының да мәйіті табылды

Құтқарушылар екінші азаматтың мәйітін шомылған жерден шамамен алты шақырым жерден тапты.

Сырдарияға батып кеткен екі ағайындының да мәйіті табылды
әлеуметтік желі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында Сырдария өзеніне батып кеткен екі ағайындының да мәйіті табылды. Құтқарушылар екінші азаматтың денесін үш күнге созылған іздеу жұмыстарынан кейін судан шығарды.

Қайғылы жағдай 22 тамызда Үшайық ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 22 және 28 жастағы ағайынды жігіттер өзен жағасында демалып жүрген. Сол сәтте олардың кішісі өзеннің ағысы қатты бөлігіне түсіп кеткен. Оған көмектеспек болған ағасы да суға батып кеткен.

Алғашқы азаматтың денесі бұған дейін табылса, екіншісін іздеу жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу операциясына құтқарушылар жасағы, үш ұшу аппараты және төрт техника жұмылдырылған. Сағат 09:45-те екінші азаматтың мәйіті судан шығарылды.

Құтқарушылардың айтуынша, мәйіт ағайындылар шомылған жерден шамамен алты шақырым қашықтықтан табылған.

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары, полиция қызметкерлері, медицина мамандары, жергілікті тұрғындар мен марқұмдардың туыстары қатысты. Жалпы операцияға 90-ға жуық адам жұмылдырылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор