53

Тоқаев ұстаздардың мәртебесі туралы: Қазақстан әлемде екінші орынға шықты

Еңбекақыға разы ұстаздар рейтингінде Қазақстан үздік бестікте дейді Президент.

Тоқаев ұстаздардың мәртебесі туралы: Қазақстан әлемде екінші орынға шықты
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұғалімдердің кәсіби беделін арттыру көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шықты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру және оларды жан-жақты қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы мақсатта «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, биыл оған мұғалімдерге қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер енгізілген.

Сонымен қатар 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Мемлекеттік марапаттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы да қосылды. Бұл атаққа ие болған педагогтерге қомақты сыйақы беріледі. Қазірдің өзінде жүзге жуық мұғалім осы марапатқа ие болған.

Президент ұстаздардың еңбегін жоғары мемлекеттік деңгейде бағалау жалғасатынын атап өтті. Соңғы үш жылда үш мұғалімге еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген.

Тоқаев TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Бұдан бөлек, педагогтердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы бестікке енген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандық мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанатынын айтқан. Ал педагогтердің 80 пайызы мүмкіндік берілсе, осы мамандықты қайта таңдайтынын жеткізген.

Президент ұстаздарға алғыс айтып, олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті. 

Материал авторы