115

Ұлдана Мырзуанның өлімі: сотта қасбеттің құлауына қатысты жаңа деректер айтылды

Сотта қасбет орналасқан аумақта қауіпсіздік шаралары сақталмағаны туралы да шағым айтылды.

Ұлдана Мырзуанның өлімі: сотта қасбеттің құлауына қатысты жаңа деректер айтылды
Жоғарғы сот

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 20 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста прокурорлар оқиға орнында түсірілген фотосуреттер мен Google Maps сервисіндегі панорамалық кадрларды көрсетті. Бұл материалдар зардап шеккендердің жүрген бағытын және қасбет құлаған аумақты нақтылау үшін ұсынылған.

Сотта оқиға кезінде зардап шеккен әйел жәбірленуші ретінде жауап берді. Оның айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада сіңлісімен бірге дүкенге бара жатқан кезде ғимараттың қасбеті кенеттен опырылған.

Әйелдің сөзінше, бастапқыда не болғанын түсінбей қалған. Құлаған кірпіштер оны басып қалып, кеуде тұсын қысып қалған. Дүкеннен шыққан екі жігіт оны үйіндінің астынан алып шыққан.

Кейін ол сіңлісінің де үйінді астында қалғанын байқаған. Жәбірленушінің айтуынша, сіңлісінің дауысын әрең естіген. Алайда сол сәтте қираған құрылыс бөліктерін толық аршуға қауіп болғандықтан, адамдар құтқарушыларды күткен.

Жағдай одан әрі күрделене түскен. Қасбет екінші рет опырылып, төменге кірпіштермен бірге сыртқы кондиционер блогы мен металл конструкциялар құлаған. Осы кезде оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келген.

Жәбірленушінің айтуынша, фельдшерлердің бірі қауіпке қарамастан үйінді астында қалған адамға қарай барған. Құтқару жұмыстары барысында Ұлдана Мырзуан да жарақат алып, кейін ауруханаға жеткізілген.

Оқиғадан зардап шеккен әйелдің өзі де ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның бірнеше жері сынғанын, бас-ми жарақаты мен ми шайқалғанын анықтап, ота жасаған. Кейін оған үшінші топтағы мүгедектік берілген.

Жәбірленуші сотта қазіргі уақытта өзі мен сіңлісінің жұмыс істей алмай отырғанын айтып, келтірілген материалдық және моральдық шығын үшін жауапты тарапты анықтауды сұрады.

Сот отырысында учаскедегі қауіпсіздік шараларының сақталуына қатысты да мәселе көтерілді. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ғимаратқа жауапты Мүлік иелері бірлестігі бірнеше ай бойы тиісті тексеру жүргізбеген. Қауіпті өткелді уақытша жабуға болатыны да айтылды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор