Айгүл Иманбаева Баян Алагөзованың фильміне неге түспей қойғанын ашық айтты
Айгүл Иманбаева бірнеше жыл бойы психологпен жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген «Бақыт» фильміндегі басты рөлден не себепті бас тартқанын алғаш рет ашық айтты. Өнер иесі сценариймен танысқан кезде бала күніндегі ауыр естеліктері қайта оянғанын жеткізді.
Айгүл Иманбаеваның айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын продюсер Баян Алагөзова оған тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын қозғайтын «Бақыт» фильміндегі басты рөлді ұсынған. Алагөзова актрисаның кейіпкерді өте жақсы сомдайтынына сенімді болған.
Алайда сценарийді оқыған сәтте Иманбаева күтпеген күйге түскен. Оның айтуынша, мәтін бала кезіндегі қиындықтарды еске түсіріп, эмоциялық тұрғыдан ауыр әсер еткен. Сондықтан ол бірден Баян Алагөзоваға хабарласып, бұл рөлді ойнай алмайтынын айтқан.
Кейін фильм режиссері Асқар Ұзабаев та актрисамен сөйлесіп, оны жобаға қатысуға көндіруге тырысқан. Режиссер фильмнің халықаралық кинофестивальдерге қатысатынын айтып, Иманбаеваның кейіпкер арқылы өзін жаңа қырынан көрсетуі маңызды екенін жеткізген.
Дегенмен актриса шешімін өзгертпеген. Ол соңғы алты жыл бойы психологпен жұмыс істеп келе жатқанын айтып, өткендегі ауыр естеліктерге қайта оралғысы келмегенін түсіндірді.
«Сценарийді оқығанда өз өмірімді қайта бастан өткергендей болдым», – деп еске алды Иманбаева.
Актриса тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда әлі де өте өткір екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасындағы тұрақты жанжал мен қысымға балалар да тікелей куә болады. Мұндай орта баланың психологиялық жағдайына әсер етіп, кейін оның өз отбасындағы қарым-қатынасына да ықпал етуі мүмкін.
Иманбаева өзіне жазған оқырман әйелдердің бірінің жағдайын да мысал етті. Оның айтуынша, әйел күн сайын күйеуінің сөгісін естіп, үйдегі бітпейтін жанжалға шыдап жүргенін айтқан. Балалары бар отбасыда ер адамның барлық сәтсіздікке әйелін кінәлауы да мәселені ушықтыра түседі.
Өнер иесі мұндай жағдайға тап болған әйелдер аз емес екенін айтты. Сонымен қатар ата-аналарға бала тәрбиесіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айгүл Иманбаева өзінің де адамдардың қатты сөйлегенінен және мас адамдарды көргеннен әлі де қобалжитынын жасырмады. Оның пікірінше, адамның бойындағы көптеген психологиялық қиындықтың бастауы балалық шақта қалыптасады.
«Бала тәрбиелеп отырған болсаңыз, жауапкершілікті сезіну керек. Оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Көптеген жарақаттың тамыры балалық шақтан басталады», – деді актриса.
Иманбаеваның сөзінше, отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен кейбір қыздар кейін өз өмірінде де сол сценарийді қайталауы мүмкін. Сондықтан балалық шақтағы қиын тәжірибені дер кезінде түсініп, онымен жұмыс істеу маңызды.
Материал авторы