134

«Құлағы мен мұрнынан қан тоқтамай ақты»: Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта куәлік берді

Сотта фельдшер Дильназ Байзақова әріптесі Ұлдана Мырзуанмен бірге шақыртуға барған күнді еске алды.

«Құлағы мен мұрнынан қан тоқтамай ақты»: Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта куәлік берді
Жоғарғы сот

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның әріптесі Дильназ Байзақова куәлік берді. Ол 2025 жылғы 8 қарашада Ұлданамен бірге шақыртуға барғанын айтып, қайғылы оқиғаның қалай болғанын баяндады.

Дильназ Байзақованың айтуынша, шақырту «қабырға құлады» деген себеппен түскен. Екі фельдшер жедел жәрдем көлігімен оқиға орнына барып, дүкен арқылы зардап шеккендер жатқан жерге жеткен. Ол жерде үш адам болған: бір әйел дүкен ішінде отырған, тағы бір ер адам мен әйел үйінді астында қалған.

Фельдшерлер зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге кіріскен. Алайда сол сәтте Байзақованың үстіне кірпіш құлаған. Ол құлап қалғанымен, орнынан тұрған кезде Ұлдана Мырзуанның да кірпіштердің астында жатқанын көрген.

«Жанды жері қалмаған. Құлағы мен мұрнынан қан тоқтамай ақты», – деді Дильназ Байзақова сотта.

Оның айтуынша, осыдан кейін қосымша жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Ұлдананы бірден ауруханаға алып кеткен, ал Байзақова оқиға орнында қалып, аға дәрігерге хабарласқан.

Шамамен бес-он минуттан кейін оқиға орнына басқа жедел жәрдем бригадалары келген. Артынша Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жетіп, үйінді астында қалған адамдарды шығару жұмысына кіріскен.

Қайғылы оқиға кезінде Байзақованың өзі де жарақат алған. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және амнезия диагнозын қойған.

Еске салайық, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада тұрғын үйдің кірпіштен қаланған қасбеті опырылғаннан кейін алған жарақатынан көз жұмған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.

Сот отырысында іске қатысты куәлардың жауап беруі жалғасуда. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор