Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы қамауға алынды
Қазақ тілі ешкімге керек емес деген ер адамды полиция анықтап, оның үстінен іс қозғаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде қазақ тілі мен қазақ халқына қатысты кемсітушілік сипаттағы пікірлер жазған бұрынғы Ресей азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 15 тәулікке қамау жазасын тағайындады.
Данил Скуратовтың әлеуметтік желідегі жазбалары көпшіліктің наразылығын тудырған. Ол Threads желісінде қазақ тілін білмейтінін айтып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын жоққа шығаратын және қазақтарды кемсітетін пікірлер жариялаған.
Даулы жазбаларында ол қазақ тілін білмей-ақ «39 жыл бойы тамаша өмір сүріп келгенін» айтып, қазақ тілінің қажетсіз екенін алға тартқан. Сонымен қатар қазақтарды қорлайтын сөздер қолданып, өзге елдер мен компаниялардың жетістігін қазақ тілін білмеумен байланыстыруға тырысқан.
Жазбалар қоғамда резонанс тудырғаннан кейін полиция бұл жағдайға назар аударды. Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп, азаматтың жеке басын анықтады.
Полицияның мәліметінше, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Іс материалдары шешім шығару үшін Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
Кейін ер адамның Данил Скуратов екені және ұсталғаны белгілі болды. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмай, бұрынғы Ресей азаматын 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желідегі ұлтараздық сипаттағы мәлімдемесі үшін Ксения Гузеева да жауапқа тартылып, айыппұл салынғаннан кейін Қазақстаннан депортацияланған болатын.
Материал авторы