148

10 күн хабарсыз кеткен: Шарджада қаза тапқан қазақ қыздарға қатысты тың дерек шықты

БАӘ-де жұмыс істеуге кеткен апалы-сіңлілінің мәйіті табылған еді.

10 күн хабарсыз кеткен: Шарджада қаза тапқан қазақ қыздарға қатысты тың дерек шықты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында 20 және 22 жастағы қазақстандық апалы-сіңлілі екі қыздың мәйіті жалдамалы пәтерден табылды. Олар БАӘ-ге жұмыс істеуге барған. Қыздардың туыстарымен байланыс шамамен 10 күн бұрын үзілген.

Жұлдыз бен Ақжан Боханова былтыр желтоқсанда БАӘ-ге барып, сұлулық салонында жұмыс істеген. Бұған дейін де олар осы елге жұмыс істеуге барып жүргендіктен, кезекті сапары отбасы үшін күдік тудырмаған.

Қыздардың ата-анасына жіберген соңғы хабарламасында денсаулығының сыр бергенін айтып, кейінірек хабарласатынын жеткізген. Алайда содан кейін апалы-сіңлілі екеуі жақындарымен байланысқа шықпаған.

Әкесі Мейрам Боханов қыздарына хабарласуға бірнеше рет әрекет жасағанымен, жауап ала алмағанын айтты. Қазір ол қыздарының мәйітін Қазақстанға тезірек жеткізуді көздеп отыр.

Бастапқыда Жұлдыз бен Ақжан ақпан айында елге оралуды жоспарлаған. Кейін Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты сапар мерзімі қыркүйектің басына ауыстырылған.

Марқұмдардың әпкесі Менсұлу Боханованың айтуынша, қыздар БАӘ-де туристік визамен жүрген жоқ. Сондықтан туристерді елден шығару кезінде жүргізілген эвакуацияға да іліге алмаған.

Қазір қыздардың денесі Шарджадағы жалдамалы пәтерден табылғаны белгілі. Алайда олардың өліміне не себеп болғаны және мәйіттерден зорлық белгілері анықталды ма деген сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ.

Туыстары қыздардың өлтірілуі мүмкін екенін болжап отыр. Дегенмен бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат тарағанымен, оның да ресми растамасы әзірге жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жергілікті құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың туыстарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп отыр. Тергеу мүддесіне байланысты БАӘ билігі әзірге істің егжей-тегжейін жарияламай отыр.

Қаза тапқан қыздардың әкесі Астанадан БАӘ-ге ұшып барады. Ол туыстықты растау үшін ДНҚ сараптамасынан өтуі керек. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін қыздарының мәйітін Қазақстанға жеткізу мәселесі шешіледі.

Материал авторы