Павлодарда 14 жыл бұрын әйелді зорлап өлтірген күдікті қолға түсті
62 жастағы әйелді өлтірді деген күдікті ДНҚ сараптамасы арқылы анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында 14 жыл бұрын болған ауыр қылмыс ашылды. 2012 жылы 62 жастағы әйелді зорлап, өлтірді деген күдікпен бұрын сотталған ер адам ұсталды. Оның қылмысқа қатысы ДНҚ сараптамасы арқылы анықталған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
ІІМ мәліметінше, қылмыс 2012 жылы бау-бақша серіктестіктерінің бірінің аумағында болған. Сол кезде 62 жастағы әйел зорланып, кейін қаза тапқан. Алайда тергеу барысында қылмысқа қатысы бар адамды бірден анықтау мүмкін болмаған.
Соған қарамастан іс назардан тыс қалмай, қылмысты ашу бойынша жұмыс жалғасқан. Жедел қызметкерлер мен криминалистер сақталған деректерді қайта қарап, күдіктілердің ДНҚ есебіндегі мәліметтермен салыстыру жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам анықталды. Жүргізілген ДНҚ сараптамасы оның 14 жыл бұрынғы қылмысқа қатысы бар екенін растаған.
Күдікті өз кінәсін мойындады. Ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Бұл іс қылмыстық тергеуде заманауи криминалистикалық технологиялардың мүмкіндігін тағы бір көрсетті. 14 жыл бұрын қылмыскерді анықтауға жеткіліксіз болған із кейін істің негізгі дәлелдерінің біріне айналды.
ІІМ бұған дейін ашылмай қалған қылмыстарды қайта қарап, сақталған іздерді жаңа әдістер арқылы зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ведомство жазадан құтылмау қағидаты толық қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Материал авторы