182

Түркияда «Ердоған өлді» деп жазған журналистер тұтқындалды

Президенттің атын атап ақпарат таратқан басылымға қатысты тергеу басталды.

Түркияда «Ердоған өлді» деп жазған журналистер тұтқындалды
REUTERS/Marko Djurica

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияда президент Режеп Тайып Ердоған қайтыс болды деген әсер қалдыратын жарияланымнан кейін журналистерге қатысты тергеу басталды. Даулы жазбаны Айдын қаласында шығатын жергілікті газет Facebook парақшасында жариялаған.

25 тамызда Denge Gazetesi газетінің әлеуметтік желідегі парақшасында қара фонда «Эрдоган қайтыс болды» деген жазуы бар сурет пайда болған. Жазбаға өткен кезде Гүлшен Ердоған есімді әйелдің қайтыс болғаны туралы материал ашылған. Яғни ақпарат президент Режеп Тайып Ердоған туралы емес, онымен аттас әйелге қатысты болған.

Алайда жарияланымның тақырыбы оқырманға бірден Түркия президентінің қайтыс болғанын меңзеген. Осыдан кейін жағдай құқық қорғау органдарының назарына ілікті.

Айдын прокуратурасы қоғамды адастыратын ақпаратты көпшілікке тарату фактісі бойынша Түркия Қылмыстық кодексінің 217/A бабына сәйкес тергеу бастаған.

Тергеу барысында газеттің өкілі Эмин Айдын, жауапты редактор Ешим Юлькен және материалға қатысы бар тілші анықталған.

26 тамызда даулы материал жаңартылған. Артынша кликбейт жарияланымға жауапты журналистер ұсталды.

Оқиға Түркияда ақпарат тарату кезінде тақырыптың мазмұнға сәйкестігі мен қоғамды жаңылыстыру мәселесін қайта көтерді. Президенттің аты-жөнін пайдаланып, оқырман назарын әдейі аударған жарияланымның соңы қылмыстық тергеуге ұласты. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор