Леңгірде әйелдің үйіне түнде басып кірген екі күдікті қамауға алынды
Әйелді өз үйінде таңға дейін азаптаған қаскөйлер қолға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Леңгір қаласында әйелдің үйіне түнде басып кіріп, оған күш қолданған екі күдікті ұсталды. Оқиға қоғам арасында кеңінен талқыланған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, түнгі уақытта екі белгісіз адам жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кіріп, әйелге дене жарақатын салған. Бұдан кейін олар оның ұялы телефонын алып кеткен.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар бұған дейін әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің назарын аударған.
Осыдан кейін Түркістан облысының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы мен жүрген жері анықталды.
Полиция шабуыл жасады деген күдікпен Төлеби ауданының екі тұрғынын ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Істің тергелу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Материал авторы