331

Қазақстандық екі креатор TikTok LIVE Community Fest 2026 фестивалінде топ жарды

Қазақстандық авторлар тікелей эфирді ойын-сауықпен шектемей, музыка, мәдениет және аудиториямен тікелей байланыс құралына айналдырып отыр.

Қазақстандық екі креатор TikTok LIVE Community Fest 2026 фестивалінде топ жарды
TikTok

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, креаторлар Бангкокта өткен TikTok LIVE Community Fest 2026 халықаралық фестивалінде ел намысын лайықты қорғап, бірден екі марапатқа ие болды. Руслан Нуртазин Legend санатында бас жүлдені жеңіп алса, Сабина Gold сыйлығына лайық деп танылды.

Фестиваль биыл «Be Part of the Win» ұранымен өтіп, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдерінен 300-ден астам LIVE-креатордың басын қосты. Үшінші рет ұйымдастырылған шарада авторлар тәжірибе алмасып, шығармашылық жобаларын таныстырып, өңірлік қауымдастықтың жетістіктерін атап өтті.

Фестивальдің басты шараларының бірі TikTok LIVE Community Fest 2026 Awards болды. Биыл 30-дан астам креатор шығармашылық ізденісі, көрерменмен шынайы байланыс орнатуы және белсенді қауымдастық қалыптастыруға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Қазақстандық креаторлар қандай марапат алды?

Руслан Нуртазин (@omgdnss) Legend санатындағы басты сыйлықты иеленді. Ол осы жоғары санатта марапатталған алты креатордың қатарына кірді. Оның тікелей эфирлері тек көңіл көтерумен шектелмей, түрлі елдердің көрермендерін байланыстыратын және мәдени алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналған.

Ал Сабина (@pipikoldiko) Gold жүлдесін алды. Креатор эфир барысында жазылушыларымен еркін пікір алмасып, көрермендерді диалогқа белсенді тартады. Осы арқылы ол аудиторияны жай ғана көрермен емес, ортақ қауымдастықтың бір бөлігіне айналдыра алған.

TikTok LIVE аудиториясы неге өсіп жатыр?

Платформа дерегінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдерінде 95 миллионнан астам креатор тікелей эфир өткізген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 50 пайыздан астам өсім.

Олардың ішінде 40 миллионнан астам автор TikTok LIVE-қа алғаш рет шыққан. Жаңадан бастаған әр үш креатордың біреуі алғашқы 30 күннің ішінде алғашқы сыйақысын алған.

Бұл көрсеткіштер тікелей эфирдің авторлар үшін жай ғана аудиториямен сөйлесетін формат емес, шығармашылық пен кәсіби дамудың жеке бағытына айналып келе жатқанын аңғартады.

LIVE форматы ойын-сауықпен шектелмейді

Бүгінде тікелей эфирлердің мазмұны да өзгеріп келеді. Музыка мен ойын-сауықтан бөлек, саяхат, тарих және мәдениет тақырыптарындағы эфирлерге де қызығушылық жоғары.

Мәселен, Таиландта TikTok LIVE елдің Туризм басқармасымен бірлесіп, дәстүрлі Сонгкран мерекесіне арналған эфирлер ұйымдастырды. Ал Вьетнамда Мәдени мұраны сақтауды қолдау қорымен бірге Beauty Vietnam жобасы жүзеге асырылды. Жоба арқылы TikTok қолданушылары елдің төрт өңірінің тарихы, аңыздары мен дәстүрлерімен танысты.

Қазақстан да бұл бағыттағы халықаралық жобалардан шет қалған жоқ. Биыл ел TikTok LIVE Comes Alive жаһандық бағдарламасына қосылды. Оның аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Almaty Museum of Arts Museums Come Alive бастамасына қатысып, мәдени мұраны тікелей эфир арқылы халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік алды.

Қазақстандық креаторлар арасында музыкалық эфирлер де кең таралып келеді. Сухраб Курбанов (@suhrab_k) вокалы мен көрерменмен тікелей байланысы арқылы танылса, гитарист Иван Жуков (@may.duet) басқа музыканттармен бірге әртүрлі аспаптардың үнін үйлестіріп, жанды музыкалық эфирлер өткізеді.

TikTok LIVE Community Fest 2026 қорытындысы Қазақстандық креаторлардың өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық платформада да мойындала бастағанын көрсетті. Тікелей эфир аудиториямен байланыс құралы болумен қатар, шығармашылықты дамытуға, мәдени контентті танытуға және жаңа қауымдастықтар қалыптастыруға мүмкіндік беретін цифрлық кеңістікке айналып отыр.