97

Билл Гейтс жасанды интеллектіге қатысты дабыл қақты

Миллиардер ЖИ-ді бақылауға шақырды.

Билл Гейтс жасанды интеллектіге қатысты дабыл қақты
AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты қауіптер күшейіп келе жатқанын айтып, мемлекеттерді ортақ бақылау тетігін құруға шақырды.

Гейтс биыл қараша айында Қытайға барып, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер осы кездесуде жасанды интеллектке байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған халықаралық шараларды талқыламақ.

Оның пікірінше, егер мұндай бастаманы АҚШ көтерсе, Қытай қауіпті болуы мүмкін жасанды интеллект модельдерін әзірлеу мен шығаруды шектеуге келісуі ықтимал.

Миллиардер әсіресе ЖИ-дің қауіпті молекулалар жасау және биологиялық шабуылдарға қолданылу мүмкіндігіне алаңдайды. Осыған байланысты ол жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттейтін жаңа ұйым құруды ұсынды. Оның құрылымында ядролық нысандарды халықаралық инспекциялау жүйесі, авиация саласындағы жаһандық ережелер және озон қабатын қорғауға арналған халықаралық келісімдер секілді тетіктер қолданылуы мүмкін.

Гейтс соңғы уақытта жасанды интеллект қаупіне бұрынғыдан көбірек алаңдай бастағанын айтты. Бұған киберқауіпсіздік сынақтары кезінде OpenAI, Anthropic және Meta Platforms технологияларының көмегімен нақты веб-сайттарды бұзу жағдайлары да әсер еткен.

Ол АҚШ жасанды интеллектіні реттеу мәселесінде жетекші рөл атқаруы керек деп есептейді. Дегенмен мұндай технологиялардың дамуына қатысты шешім қабылдаудың нақты халықаралық өлшемдері белгіленуі қажет.

Кәсіпкер үшін басты басымдықтардың бірі — адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті күшейтпейтін әрі қоғамның осал топтарына зиян келтірмейтін жасанды интеллект жасау. Гейтстің пайымынша, бұл мәселенің маңызы климаттың өзгеруі мен денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстардан да жоғары болуы мүмкін.

Сонымен қатар Билл Гейтс еңбек нарығындағы өзгерістерге де алаңдайды. Оның пікірінше, қоғам жасанды интеллектінің адам еңбегін алмастыру ауқымын әзірге жеткілікті бағалап отырған жоқ.

Гейтс қоры 2045 жылға дейін жасанды интеллект бағытына басымдық бере отырып, жалпы 200 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Қор Anthropic компаниясымен жүкті әйелдерді ЖИ арқылы медициналық тексеру бағытында, ал OpenAI-мен Руандадағы медицина қызметкерлеріне арналған құралдарды әзірлеу бойынша жұмыс істеп келеді.

Бұдан бөлек, Гейтс жасанды интеллект арқылы адам еңбегін алмастыратын компанияларға арнайы салық енгізу мүмкіндігін қарастыруды және қазіргі жұмыс орындарының 40 пайызына дейінін адамдар үшін сақтап қалуды ұсынды. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор