50

Астанада өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды – БАҚ

46 жастағы оқытушының ұсталғаны туралы ақпарат тарағанымен, тергеу оған нақты қандай әрекет бойынша күдік келтіріп отырғанын жариялаған жоқ.

Астанада өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды – БАҚ
bbc.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Өзбекстан азаматы, халықаралық қатынастар саласының профессоры Икболжон Карабаев тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Оның ұсталғанын өзбекстандық BBC хабарлады.

46 жастағы Икболжон Карабаев — Андижан қаласының тумасы. Ақпаратқа сәйкес, ол Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Профессордың туыстарының бірінің айтуынша, 3 шілдеде оның үйіне азаматтық киім киген бірнеше адам келген. Олар Карабаевты өздерімен бірге алып кеткен. Туыстарына оның тыңшылық жасады деген күдікке ілінгені айтылған.

BBC-дің өзбек редакциясының мәліметінше, Карабаевқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап тыңшылыққа, соның ішінде шетелдік мемлекет немесе ұйымның мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау не сақтау әрекеттеріне қатысты жауапкершілікті көздейді. Шетел азаматтарына бұл бап ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін өзге ақпаратқа қатысты әрекеттер жасаған жағдайда да қолданылуы мүмкін.

Алайда тергеу органдары профессордың нақты қандай әрекеті үшін күдікке ілінгенін әзірге жариялаған жоқ. Сондай-ақ оның қандай ақпаратты шетелдік тарапқа бергені немесе жинағаны туралы ресми мәлімет жоқ.

Іске қатысты ақпараттың жабықтығы да назар аударып отыр. Карабаевты бұрыннан білетін кейбір зерттеушілер түсініктеме беруден бас тартса, енді бірі аты-жөнін жарияламауды сұраған.

Осыған байланысты Мақсұт Нәрікбаев университетінің баспасөз қызметі Карабаевтың қазіргі уақытта университет профессоры еместігін мәлімдеді.

«Maqsut Narikbayev University (MNU) Икболжон Корабоевтың қазіргі уақытта біздің университеттің профессоры емес екенін хабарлайды. Оның ұсталуына қатысты өзге ақпаратты алу үшін құзырлы органдарға жүгінуді сұраймыз», – делінген университет жауабында.

Әзірге профессорға тағылған тыңшылық айыбы жөнінде Қазақстанның құзырлы органдарынан ресми толық түсініктеме жарияланған жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор