Ақтөбеде малшы белгілі ғалымнан таяқ жедім деп мәлімдеді
Малшы әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, оқиғаның өзге де мән-жайын баяндады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Алға ауданында малшы Арыстанбек Бахилин шаруа қожалығының басшысы, өңірге белгілі ғалым және оның ұлы өзіне күш қолданды деп мәлімдеді. Оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ жазды.
Малшының айтуынша, оқиға шілде айында болған. Ол өзіне тиесілі бұқа басқа табынға қосылып кеткен соң, малын қайтарып алу үшін «Өтеғұл-1» шаруа қожалығына барған.
Арыстанбек Бахилин сол жерде шаруашылық басшысы Үтеген Жақыпов пен оның ұлы өзін соққыға жықты деп отыр. Оның сөзінше, жанжал кезінде оған және малға қатысты қорқыту сөздері де айтылған.
Малшының мәлімдеуінше, олар малды алып кету үшін 20 мың теңге талап еткен. Ол әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде бес баласы барын және жалдамалы пәтерде тұратынын айтып, малын қайтарып беруін сұрағанын жеткізді.
Бахилиннің айтуынша, оқиға кезінде Ербол есімді азамат жанында болған. Алайда оның сөзіне қарағанда, куәгер қазір болған жайтты растамай отыр.
Оқиғаға қатысты редакция құқық қорғау органдарынан түсініктеме сұраған. Ақтөбе облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында қажетті тергеу және процессуалдық шаралар жүргізілуде.
«Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тараптардың мәлімдемелеріне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.
Материал авторы