Астаналық терезеден дәрет сындырғаны үшін қамауға алынды
Ер адам сотта кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен көшеге кіші дәрет сындырған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің наразылығын туғызған болатын.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ж. есімді азаматтың ісін қарады. Сот мәліметінше, 24 тамызға қараған түні шамамен сағат 00:30-да ер адам тұрғын үйдің баспалдақ алаңында тұрып, кіреберістегі терезе арқылы сыртқа кіші дәрет сындырған.
Сот бұл әрекетті қоғамдық тәртіпті бұзу және ұсақ бұзақылық деп таныды.
Отырыста ер адам кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген. Оның кінәсі іс материалдарымен және әлеуметтік желіде тараған бейнежазбамен дәлелденді.
Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде жасалған әрекеттің сипатын, қоғамға көрсетілген құрметсіздікті және оқиғаның әлеуметтік желілерде кеңінен жария болғанын ескерді. Нәтижесінде азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде көпқабатты үйдің терезесінен көшеге кіші дәрет сындырған ер адамның видеосы тарап, оқиға қоғам талқысына түскен еді. Кейін Астана полициясы оны іздестіре бастаған.
Материал авторы