135

Астанада көпқабатты үйден лақтырылған шыны бөтелке адамдардың жанына түсті

Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан құлаған шыны бөтелке үш жас адамның жанынан небәрі бірнеше сантиметр жерге түсті.

Астанада көпқабатты үйден лақтырылған шыны бөтелке адамдардың жанына түсті
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Сенатор» тұрғын үй кешенінің маңында қауіпті жағдай тіркелді. Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан лақтырылған су құйылған шыны бөтелке көшеде кетіп бара жатқан үш жас адамның дәл жанынан құлаған.

Бөтелке жерге қатты соғылып, быт-шыт болған. Абырой болғанда, жаяу жүргіншілердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Оқиға куәгері болған тұрғын жағдайды видеоға түсіріп, көпшілік назарын аудару үшін әлеуметтік желіде жариялаған.

Куәгердің айтуынша, бөтелке сәл басқа бағытқа түскенде, адамдардың біріне тиіп, ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға Астананың Сарайшық ауданы полициясы пікір білдірді. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар адамдардың жеке басын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Тексеру аяқталған соң оқиғаға құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Материал авторы