186

Бір емес, екі адам: Непал мен Қытай шекарасында жоғалған қазақстандықтар туралы жаңа мәлімет шықты

Сыртқы істер министрлігі екі қазақстандықты іздеуге кірісті.

Бір емес, екі адам: Непал мен Қытай шекарасында жоғалған қазақстандықтар туралы жаңа мәлімет шықты
Ambir Tolang/NurPhoto via Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын су тасқынынан кейін екі қазақстандық азаматшаның қайда екені әлі белгісіз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі олардың стихиялық апат болған аумақта жүрген болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жоғалған екі азаматшаны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың бірі туристік топ құрамында Непал мен Қытай арасындағы шекараны кесіп өткен.

Ведомство қазақстандықтардың нақты орналасқан жерін анықтау үшін жергілікті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар дипломаттар жоғалған әйелдердің жақындарымен тұрақты байланыста отыр.

Бұған дейін су тасқынынан кейін байланыс үзілген туристердің арасында тек бір қазақстандық азаматша бар екені хабарланған еді. Алайда кейін Сыртқы істер министрлігі іздеу жұмыстары екі қазақстандыққа қатысты жүргізіліп жатқанын ресми түрде растады.

Еске салайық, Непалдың шекаралық ауданында су тасқыны 26 тамыз күні таңертең басталған. Алапат табиғи құбылыс тұрғындар арасында дүрбелең туғызып, жедел эвакуация жүргізуге себеп болған.

Материал авторы