Бүгін Қазақстан Құрылтайының алғашқы сессиясы өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясын ашып, депутаттарға үндеу жасайды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бүгін, 28 тамызда Астанада бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясы өтеді. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлейді.
Президенттің Құрылтайдағы баяндамасы сағат 11:00-де республикалық телеарналар мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Президент Жарлығына сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы 2026 жылғы 28 тамызда сағат 11:00-де Астана қаласында өтеді. Құжатқа 26 тамыз күні Ақордада қол қойылып, №1411 нөмірі берілді. Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Құрылтай сайлауы қалай өтті?
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған қорытынды бойынша жаңа Құрылтай құрамына бес саяси партия өтті.
Мандаттар келесі тәртіппен бөлінді:
-
«Әділет» партиясы – 110 мандат;
-
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10 мандат;
-
Respublica партиясы – 9 мандат;
-
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8 мандат;
-
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 мандат.
Осылайша, «Әділет» партиясы мандат саны бойынша айқын басымдыққа ие болды. Ал Қазақстанның халық партиясы мен «Байтақ» партиясы Құрылтай құрамына өте алмады.
Сайлауға қанша адам қатысты?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрады.
Олардың 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Бұл жалпы сайлаушылар санының 74,08 пайызына тең.
Сайлау науқаны кезінде саяси партиялар Құрылтай депутаттығына әртүрлі көлемде кандидат ұсынды. «Әділет» партиясы 186 кандидат ұсынса, «Ауыл» партиясынан 69 адам, Respublica партиясынан 76 кандидат, «Ақ жолдан» 63, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 33 кандидат сайлауға түсті.
Осылайша, 23 тамыздағы сайлау жаңа Құрылтайдағы саяси күштердің арақатынасын айқындады. Енді сайланған депутаттар 28 тамызда алғаш рет ресми түрде бас қосып, Құрылтай жұмысын бастайды.
Материал авторы