«Қаражат оңды-солды жұмсалмайды»: Тоқаев Ұлттық қор қаржысының қайда жұмсалатынын айтты
Мемлекет басшысы қор қаржысы мақсатсыз жұмсалады деген пікірлерді негізсіз қауесет деп бағалады.
Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың қаражатын пайдалану мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы қордан қаржы бөлінетін стратегиялық жобалар ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық нәтиже беруі қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президенттің айтуынша, Ұлттық қордан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайда әкелетін стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр.
«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кез келген қордың, әсіресе Ұлттық қордың тиімділігін бағалауда басты өлшем келер ұрпаққа тигізетін нақты пайда болуы керектігін атап өтті.
«Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр», – деді Президент.
Ол бұған дейін ұстаздармен кездесуде бұл қаражаттың мөлшеріне тоқталғанын еске салды.
Президенттің пікірінше, ендігі міндеттердің бірі – өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет ететін заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру.
«Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатын пайдалану және елдің ұзақмерзімді дамуына қатысты мәселелерге Қазақстан халқына арналған алдағы Жолдауында кеңірек тоқталатынын айтты.
Материал авторы