134

Тоқаев ұлт жадын бұрмаланған деректермен улауға болмайтынын айтты

Президент халқымыздың ұлттық болмысын тек қасірет оқиғалармен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.

Тоқаев ұлт жадын бұрмаланған деректермен улауға болмайтынын айтты
Ақорда

Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарих мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы ұлттың тарихи жадын бұрмаланған немесе күмәнді деректермен қалыптастыруға болмайтынын айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тарихты бұрмалау қоғамның өткенге деген сенімін әлсіретіп қана қоймай, болашаққа деген үмітіне де әсер етеді.

«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ халқының тарихын тек нәубет пен азапқа толы кезеңдердің жиынтығы ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, халқымыздың басынан өткен ауыр оқиғаларды ұмытпау маңызды болғанымен, ұлттық болмысты тек қайғы-қасіретпен байланыстыру дұрыс емес.

«Халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды», – деді ол.

Президент ұлт тарихында қиын кезеңдермен қатар, жарқын жеңістер мен елеулі жетістіктер де аз болмағанын айтты. Сондықтан Қазақстан тарихын әлемдегі өзге халықтардың тарихымен сабақтастыра отырып, үстірт әрі біржақты бағалаудан бас тарту қажет.

«Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тарихи мәселелерге байыппен қарап, дерекке сүйенген объективті ұстаным қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай көзқарасты ел азаматтары, әсіресе жас ұрпақ дұрыс түсінуі керек.

«Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын», – деді Президент.

Материал авторы