Тоқаев Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл еңбек еткен Айбек Дәдебай бұл жауапты қызметке лайық деп санайтынын айтты.
Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың басшылық құрамын қалыптастыру мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау үшін бірқатар рәсім өткізу қажет екенін айтты. Соның ішінде Құрылтайдың басшылығын сайлап, құрылымын қалыптастыру керектігін атап өтті.
Президент Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны Мемлекет басшысы ұсынатынын айтты.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы қызметіне Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.
Президент оның мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткенін және мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті.
«Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы лауазымына лайық деп санайтынын айтып, депутаттарды оның кандидатурасын қолдауға шақырды.
«Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Президент.
Материал авторы