Көкшетау маңында көлік пойыз жолына шығып, жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті
Жеңіл көлік пойыздың жолына күтпеген жерден шығып, машинист шұғыл тежеу арқылы соқтығысты болдырмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында жеңіл көлік жүк пойызының алдына шығып, жол-көлік оқиғасының қаупін тудырды. Машинист шұғыл тежеп, көлікпен соқтығысудан сақтанды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 27 тамыз күні сағат 17:44 шамасында Көкшетау – Жамантуз бағытындағы теміржол өткелінде болған. Жүк пойызы 60 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан кезде оның алдынан жеңіл көлік теміржол жолына шығып кеткен.
Машинист бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Локомотив бригадасының жедел әрекетінің арқасында көлікпен соқтығысуға жол берілмеді.
Алайда қауіпті жағдай туғызған көлік жүргізушісі оқиға орнында қалмай, ізін суытқан.
Оқиға туралы ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. Қазір болған жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Материал авторы