Маңғыстауда жасөспірімдер қыз баланы ұрып-соққан: полиция істі сотқа жолдады
Қыз баланы қорлаған жасөспірімдер полицияға ата-аналарымен бірге жеткізілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған қызға бірнеше жасөспірім күш көрсеткен. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полиция жанжалға қатысушылардың барлығын анықтады.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда жасөспірім қызды тізерлетіп, кейін оған күш көрсеткені көрінеді. Оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірім анықталып, полиция бөліміне ата-аналарымен бірге жеткізілді.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізген. Сонымен қатар оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналған.
Полицияның мәліметінше, жасөспірімдердің ата-аналары балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Жиналған іс материалдары сотқа жолданды. Сонымен бірге мәселені қарау және тиісті шара қабылдау үшін материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілді.
Жанжалға қатысқан жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Полиция бұдан әрі кәмелетке толмағандармен қатар олардың отбасыларымен де профилактикалық жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Материал авторы