135

Кәстрөлге тығып, алма ағашының түбіне жасырған: Павлодарда 24 млн теңге табылды

Арнайы жасақ саяжайға барып, ірі ұрлыққа қатысты күдіктіні ұстады.

Кәстрөлге тығып, алма ағашының түбіне жасырған: Павлодарда 24 млн теңге табылды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда кәсіпорыннан шамамен 25 млн теңге ұрланды деген күдікпен ер адам ұсталды. Тергеу барысында полицейлер жоғалған қаржының 24 млн теңгесін күдіктінің саяжайынан тапқан.

Павлодардағы серіктестіктердің бірінен ірі көлемде ақша ұрланғаны туралы полицияға хабар түскен. Жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол аталған кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген.

Кейін полицейлер күдіктінің саяжай аумағында тінту жүргізді. Іздеу кезінде 24 млн теңге көлеміндегі қаражат табылды. Ақша кәстрөлге салынып, алма ағашының түбіне жасырылған.

Күдікті ұсталып, Павлодар қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген қаражат қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде тіркелді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор